Зерендіде Тимур Сегізбаевты еске алуға арналған турнир басталады

23-28 маусым аралығында Ақмола облысының Зеренді елді мекенінде Тимур Сегізбаевті еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді.

Футбол мерекесіне 2004, 2005 және 2006 жылғы жасөспірімдерден құралған 14 команда қатысады. Турнирге Омбы (Ресей), Ташкент (Өзбекстан), Астана, Көкшетау, Екібастұз, Қарағанды және Ақсу қалаларының командалары шақырылған. 2004 жылғы жасөспірімдер арасында чемпиондық атаққа 6 команда таласады. Жарыс бір айналымнан тұрады. Ал, 2005-2006 жылғы жасөспірімдерден құралған 8 команда екі топқа бөлінеді.

Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген жаттықтырушысы Тимур Сегізбаевтің құрметіне арналған турнирді 1999 жылдан бастап Куленюктер отбасы ұйымдастырып келеді. Өткен жылдың соңында Тимур Санжарұлы дүниеден озған еді. Енді ұйымдастырушылар жарысты танымал бапкерді еске алуға арнамақ.

29 маусым күні Зерендіде тағы бір турнир ұйымдастырылмақ. Бұл турнир Тимур Сегізбаев турнирін алғашқы ұйымдастырушылары, 2007 жылы жол апатынан қаза тапқан Николай Сергеевич және Татьяна Григорьевна Куленюктерді еске алуға арналады. Жарысқа 2007, 2008 және 2009 жылғы жасөспірім футболшылар қатысады.