Алматыда церебральді сал ауруына шалдыққан балаларға арналған футбол алаңы ашылды

Бүгін Алматыда қимыл-тірек аппараты бұзылған (ДЦП) балаларға арналған футбол алаңының ашылу рәсімі өтті.

Мерекелік шара Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен ұйымдастырылды. УЕФА-ның «Хет-трик» бағдарламасы арқылы бөлінген қаражатқа Алматы қаласындағы №2 мектеп-интернатының аумағында жасанды жамылғысы бар футбол алаңы салынды.

Жаңадан пайдалануға берілген алаңда аталған мектептің оқушылары футболмен шұғылданбақ. Арнайы мектептің оқушыларын Қазақстан әйелдер құрамасының экс-капитаны Мария Ялова мен «СШВСМ-Барыс» командасының бұрынғы ойыншысы Сюзанна Корнецова жаттықтырады.

Спорттық нысанның ашылу рәсімінен кейін балалар арасында жолдастық матч өтті. Кәсіби жүргізушілер Эльдар Серікпаев және Евгений Ожогиннің қатысуымен футбол мерекесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, балалар аниматоры мен футбол фристайлшылары өнер көрсетті.

Ашылу салтанатына Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Азамат Айтқожин, ҚР еңбегі сіңірген спорт шебері Ислам Байрамуков, «Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Чума Анене қатысты.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан футбол федерациясы Халықаралық CP футбол қауымдастығына мүше болып, алғаш рет ел чемпионатын өткізді.