Қазақстан жастар құрамасы "Ростовты" ұтты 

Түркияда оқу-жаттығу жиынын жалғастырып жатқан Қазақстан жастар құрамасы екінші жолдастық матчын өткізді.

Біздің футболшылар ресейлік "Ростов" футбол клубының жастарымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. 
Владимир Никитенко шәкірттері бірінші таймда есеп ашты. Жартылай қорғаушы Геворг Наджарянның бұрыштамадан айып алаңына көтерген добын қорғаушы Дәурен Мәжитов голға айналдырды. 

Үзілістен кейін Оралхан Өміртаев есепті ұлғайтты. Ол Рифат Нұрмағамбеттің өкшесімен берген пасын ұтымды пайдаланды. Кездесу соңында "Ростов" футболшылары есеп айырмасын қысқартқанымен, таразы басын теңестіре алмады. 

Қазақстан жастар құрамасы Түркиядағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейін біздің футболшылар тағы бір ресейлік ұжым "Оренбург U21" комадасымен тең (0:0)  түскен еді.

Негізгі құрамда алаңға шыққан Қазақстан жастар құрамасы: Колбунцов, Соколенко, Мәжитов, Қасым, Шадманов, Кеңесбек, Әбікен, Наджарян, Антипов, Жалмұқан, Федин. Ойын ортасынан алаңға қосылған футболшылар: Закиров, Әбілғазы, Шәмші, Сұлтанов, Люхай, Қабылан, Зайнетдинов, Бойчук, Гладченко, Әліпбек, Перцух, Жақыпбаев, Нұрмағамбет, Өміртаев.