Қазақстан жастар құрамасы "Оренбург U21" командасымен тең ойнады

Бүгін, 17 ақпан күні Түркияның Анталия қаласындағы оқу-жаттығу жиынында Қазақстан жастар құрамасы (U21) алғашқы жолдастық матчын өткізді.

Аға жаттықтырушы Владимир Никитенко шәкірттерінің қарсыласы ресейлік "Оренбург U 21" командасы болды. Ойын 0:0 есебімен аяқталды. 

Қазақстан жастар құрамасында алғашқы минуттан бастап алаңға шыққан футболшылар: Закиров, Сұлтанов, Әбікен, Қасым, Люхай, Шәмші, Перцух, Қабылан, Соколенко, Нұрмағамбет, Федин болды. Ойын ортасынан алаңға қосылған футболшылар: Колбунцов, Кеңесбек, Шадманов, Әліпбек, Әбілғазы, Зайнетдинов, Антипов, Гладченко, Өміртаев.

Оқу-жаттығу жиынына қосалқы тізімнен қарағандылық "Шахтер" клубының шабуылшысы Оралхан Өміртаев шақырылды. Ол аздаған жарақат алған "кеншілердің" тағы бір ойыншысы Владимир Путинцевті ауыстырды.

Келесі жолдастық матч 20 ақпанға жоспарланған. Біздің футболшылардың қарсыласы - "Ростов U21" футбол клубы.