` «Алтай» клубына қатысты ҚФФ бас хатшысының түсініктемесі

«Алтай» клубына қатысты ҚФФ бас хатшысының түсініктемесі

03.02.2017, 19:19

458

0

Бүгін, 3 ақпан күні Астана қ. ҚФФ Атқарушы комитетінің кезектен тыс отырысы өткізілді. Нәтижесінде, «Алтай» ФК Премьер-Лига клубтары арасындағы Чемпионат қатысушылары құрамынан шығару туралы шешім қабылданды.

Қаныш Әубәкіров, ҚФФ бас хатшысы:

- Өткен маусымда «Алтай» футбол клубы бірінші лигада ойнады және клубтардың сертификация жүйесіне қарамастан ойындарға жіберілді. Сертификация талаптары бойынша, клубтардың біріншілігіне қатысу үшін  заңды тұлға құрамында үш жастар командасы болуы шарт. 2016 жылғы маусымда «Алтай» ФК бұл талаптарға сай келмесе де, «Алтай» ФК сұрауы бойынша жарыстарға жіберілді. Оның үстіне командада қосалқы құрам болуы керек. Алайда, ол да жоқ. Өткен маусымның нәтижесі бойынша «Алтай» ФК екінші орынға орнығып, өтпелі матчқа қатысу құқығына ие болды. Сертификация талаптарын орындау қажеттілігі жөнінде клубқа ауызша да жазбаша да бірнеше рет ескерту жасалды.

2017 ж. 10 қаңтарында туындаған мәселе туралы Шығыс Қазақстан облысының басшылығына хат жөнелтілді.  

2017 ж. 25 қаңтарында ҚФФ «Алтай» ФК хат жолданды. Онда клуб басшылығы 2017 жылдың маусымындағы Премьер-Лигаға қатысу үшін сертификацияның ерекше жүйесін қолдану мүмкіндігін қарастыруды сұрайды. 

2 ақпан күні «Алтай» ФК тағы да хат келіп түсті. Онда 2017 жылдың 15 ақпанына дейін Премьер-Лига клубтарына сәйкес келу үшін сертификация шарттарын орындайтындығы және клуб құрамында футбол орталығы құрылатындығы туралы хабарланды. 

2 ақпан күні Лига Кеңесі өткізілді. Жиын барысында клубтар сертификация және лицензиялау бойынша ережелердің сақталуына тоқталды. Олардың пайымынша, шарттар барлығына бірдей болуы керек.

2017 жылдың 25 қаңтарындағы «Алтай» ФК хатындағы сертификация бойынша ерекше шешім қабылдау туралы сұранысы бүгінгі Атқарушы комитеттің кезектен тыс өткен отырысында қарастырылды. Оның барысында ереже мен тәртіпке бағынбаған «Алтай» клубын Премьер-Лига клубтарының арасындағы Чемпионатқа қатыстырмау шешімі қабылданды. Себебі:   

1.     «Алтай» ФК балалар-жасөспірімдер және жастар клубы – Футбол орталығы жоқ. (Футбол клубтарының сертификация ережелері,  17-бап)

2.     Қосалқы құрамы жоқ. (Чемпионат Тәртібі, 19.4-бап)

3.     Аймақтық федерация құрамына кіргеніне үш жыл болған жоқ. (Футбол клубтарының сертификация ережелері,  11, 47-баптар)

Жоғарыда көрсетілген сертификация ережелері УЕФА сертификациясының ережелеріне толық сәйкес келеді.

Бұл мәселе Федерация үшін көңіл алаңдатарлық жайт және «Алтай» ФК маусымға уақытылы дайындала алмағандығына Қазақстан футбол Федерациясы басшылығы үлкен өкінішпен қарайды. Бұл шешім, Қазақстан Чемпионатына қатысуға талпынатын командалар үшін сабақ бола отыра, сертификация ережелерін қатаң ұстануға шақырады деп сенеміз.  

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Ресми қосымша
  • Яндекс.Метрика
Сайтты әзірлеген — WebArtPromotion

Кіру