` Тараздың түлегі – турнир үздігі

Тараздың түлегі – турнир үздігі

23.01.2017, 11:15

191

0

Алматының дымқыл аязын елемей, «қазақ доп тебе алмайды» деген кереғар пікірдің быт-шытын шығарған жасөспірімдерді әуежайдан күтіп алуға асықтық.

Биыл жылдағы дәстүр бойынша Қазақстанның U-19, яғни жасөспірімдер құрамасы Петербор қаласында өтетін Гранаткин мемориалы турниріне бақ сынауға кеткен-ді. Елеусіз. Ескерусіз. Оларға ешкім сенген де жоқ. Оған негіз де жоқ емес. Жылда ұтылып қайтатынымыз жасырын емес қой? Қаңтардың 8-21 аралығында көзімізді Ресейге тіктік. Бұрын 14 команда қатысатын жарысқа биыл он алты ұжым шақыртылған. Географиясы ауқымды. Эстониядан Үндістанға дейін. Арасында Словакия, Словения, Грекияның командалары бар. Бұл үш мықты да Қазақстаннан сүрінді. Дұрысы, Қазақстан сүріндірді. Байқап қарасақ, беделді, байрақты бәсеке. Ешкімнің саяхаттап келмегені анық. Әр матч тас-түйін дайындықпен басталып жатты. Хош…

…Ұшақтан қараторы, жүзінен қаратпайымдылықтың иісі аңқыған балаң жігіт күлімсіреп түсіп келе жатты. Еркебұлан екенін бірден аңғардық. Еркебұлан Сейдахмет. Екі аптаға жуық уақыт отандастарымыздыңкөз қуанышына айналған футболшы. Еркебұлан Гранаткин мемориалы турнирінде екі доп соқты. Бірнеше нәтижелі пас берді. Енді он күннен кейін 17 жасқа толатын өреннің жылдам қимылынан көз жазып қалған қарсыластары жиі ойын тәртібін бұзуға мәжбүр болып жатты.


Сәл аптығын басқан соң, суыртпақтап сөзге тарттық. Жылы жымиып жауап беріп жатыр.

— Еркеш, елге ерлік жасап оралдыңдар. Бұл менің сөзім емес, қазақ жанкүйерлерінің сөзі…

— Көп рахмет! Иә, қазақ халқының ықыласы ерекше болып жатыр. Әлеуметтік желіден сәттілік тілеп жатқандар да өте көп болды. Қосымша күш беріп жатыр. Өзіміз де осылай болар деп ойламаппыз.

— Сендер Гранаткин мемориалы турнирі бойынша әр жылдары өнер көрсеткен құрамалар ішіндегі ең нәтижелісісіңдер…

— Біз өз ойынымызды көрсеттік. Турнир барысында ешбір ұжымнан қаймықпай ойнауға тырыстық. Жаттықтырушының кеңесін көп тыңдадық. Содан болар, әр матчқа қанаттанып шығып жүрдік. Осы себепті сәтті ойнадық деп ойлаймын. Бұрынғы нәтижелерді білеміз.

— «Турнирдің үздік шабуылшысы» — Еркебұлан Сейдахмет» деген диктордың дауысынан кейінгі әсер қандай болды? Ойыңа бірден не келді?

 — Қуандым, әрине. Еңбегіміз ақталып жатыр. Алғашқы үлкен жеңісіміз. Жақсы командаларды жеңдік. Топтан бірінші орынмен шыққанымызда, финалда неге ойнамасқа деген ой туды. Бапкерлерімді ойладым. Құраманың бас бапкері Александр Кузнецовқа айтар алғысым шексіз. Сондай-ақ қазіргі клубым – «Монтажниктегі» Ахматжан Кошалиев, Игорь Светачев, Денис Мурзин, Фархат Мирсалимбаев, Георгий Хутиди, Ахмат Ташметов және қазіргі жаттықтырушым Еркебұлан Досановтарға рахметтен басқа айтарым жоқ. Осы кісілер менің жетістіктерімнің бастауы деп білемін.

— Облыс чемпионатында ойнап жүр екенсің. Тараз – таланттар өлкесі. Кімдерден үлгі аласың?

— Иә, дұрыс айтасыз. Туған жерімнен талай таланттар шықты. Нұркен Мазбаев,Ұлан Қонысбаев, Елдос Ахметов, айта берсек жетерлік. Ал ең дарынды аяқдоп шебері Бауыржан Исламхан дер едім. Менің сүйікті ойыншым деуге де болады. Оның ойындарын қалт жібермей көруге тырысамын.

— Болашақ жоспарларың қандай? Өзіңді қай клубта елестетесің?

 — Өзге командалардан ұсыныс түсіп жатса, агентіммен ақылдасып шешеміз. Бұл туралы айту әлі ерте шығар, білмеймін. Негізі, алматылық «Қайраттың» жанкүйерімін.

— Футболдан жеке өміріңе ойыссақ. Биыл 11-сыныпты тәмамдайсың, мамандық таңдадың ба?

— Иә. Заңгер болсам деген арманым бар. ҰБТ-ден жақсы өту үшін де барымды салу керек. Ол да бір үлкен сын болмақ мен үшін. Өмірде мен үшін ең алдымен футбол маңызды, сосын барып басқа салаға кетуге бел будым.

— Енді сен бұрынғыдан да танымалсың. Мектепте, туған қалаңда. Саған әсері қандай болмақ? Спортшылардың жас кезде «жұлдыз» ауруына шалдығуы көптеп кездесіп жататынын білетін шығарсың?

— (Жымиды). Мойныма күміс таққаннан кейін және жеке жүлдені ұтқанымды естігенде менен тәкаппарлық байқалмады. Оны сезіндім. Бұрнағы қалпымнан айнымаймын.

— Отбасың туралы айта кетсең…

— Анам бар. Әр кезде де жанашыр, жақыным. Менің барлық бастамаларымды жан-тәнімен қолдайды. Анаммен мақтанамын. Ол кісіге денсаулық тілеймін. Әпкем, қарындасым, інім бар. Барлығы менің жанкүйерлерім болып жүр.

— Елді сағынған шығарсың. Бұл сапарың шетелдегі алғашқы да ұзағы ғой?

— Иә. Бүгін базада түнейміз. Ертең жол жүремін.

— Сапарың сәтті болсын! Үйіңе аман оралуыңды тілеймін! Сұхбатыңа рахмет!


Турнир тарихына үңіліп көрейік.

Негізгі атауы «FIFA-ның бірінші вице-президенті Валентин Гранаткинді еске алуға арналған футболдан жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир» болып табылады. Валерий Гранаткин белгілі Кеңес ойыншысы, FIFA-ның 1946-1950 жылдардағыы вице-президенті, 1955-1979 жылдардағы бірінші вице-президенті болған.

Азды-кем ақпарат

Еркебұлан Сейдахмет – Тараздың тумасы. 2000 жылдың 5-ақпанында дүниеге келген. Үйдегі екінші бала. Әпкесі – Меруерт, жоғары оқу орнында оқиды. Қарындасы – Аружан, інісі – Арман мектеп оқушылары. Сегіз жасында Тараздағы «Монтажник» футбол клубына келген. Өзінің айтуынша Маркс деген көршісі жетелеп апарған. Содан бері осы жерде доп теуіп келеді.

 

Дереккөз: "Жас қазақ" газеті

 

 

Ұқсас жаңалықтар

  • Талғат Байсуфинов: Қытайға жеңіс үшін келдік

    07.06.2016, 9:00

    1027

    0

    Бүгін Қытайдың Далянь қаласында Қазақстан құрамасы Қытай футболшыларымен жолдастық кездесу өткізеді. Осыған байланысты аталған елдердің ұлттық құрамалары ойын алдында баспасөз мәслихатын өткізді.

  • Біз жастарға сенеміз...

    23.01.2017, 10:48

    179

    0

    «Гранаткин мемориалы» жарысына қатысқан Қазақстан U19 жастар құрамасы күміс жүлдегер атанды. Күміс жүлдені жеңіп алды. Міне, ақпаратты осылай тақырыптағанымыз жөн-ау. Әйтпесе, финалда сүрініп қалдық дегенді әркім, әрқалай түсінеді.

  • Еркебұлан Сейдахмет: "Қазақ футболын әлемге танытатын күн алыс емес"

    23.01.2017, 10:38

    252

    0

    «Гранаткин Мемориалы» турнирі арқылы танылған бірден-бір футболшы ол - Қазақстан U19 құрамасының шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет.

Ресми қосымша
  • Яндекс.Метрика
Сайтты әзірлеген — WebArtPromotion

Кіру